Геннадий Головкин World Boxing президенті болды

Геннадий Головкин

Қазақстандық боксшы, Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің жетекшісі Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып ресми түрде сайланды. Ол осы халықаралық спорт ұйымына жетекшілік ететін алғашқы қазақстандық болмақ.

“Римде өткен конгресте орта салмақтағы екі дүркін әлем чемпионы және 2004 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып сайланды. Қазақстандық боксшы жалғыз кандидат болды және 2025 жылы World Boxing конгресінде оның кандидаттығы бірауыздан мақұлданып, президент болып бекітілді” деп жазылған ұйымның баспасөз хабарламасында.

"Біздің миссиямыз айқын – бокстың игілігіне жұмыс істеу, халықаралық олимпиада комитетінің толық мойындауын қалпына келтіру және спортшыларымызды Брисбенге және одан кейінгі Олимпиада ойындарына жіберу. Мен әрбір боксшы адал әрі қауіпсіздік спортта дамығанын қалаймын. Бізде бірлік болса, World Boxing бір отбасы сияқты алға жылжиды. World Boxing — бұл олимпиадалық отбасы сене алатын федерация екенін сөзбен емес, іспен дәлелдейміз. Бәріміз тәуелсіз боламыз, бірақ олимпиада құндылықтарын құрметтейміз. Адалдық, теңдік және спортшыларды қорғау үшін жұмыс істейміз" деді Головкин жиын кезінде.

Оны осы қызметке сайлануымен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та құттықтады.

"Бұл – Геннадий Головкиннің ерен еңбегіне берілген лайықты баға. Даңқты отандасымыз олимпиадалық спорт түрі бойынша халықаралық федерацияны басқаратын Қазақстанның алғашқы өкілі атанды" деп жазылған Тоқаевтың құттықтауында.

World Boxing — 2023 жылы құрылған халықаралық спорт ұйымы. Оның алдында халықаралық олимпиада комитеті IBA-ді (халықаралық бокс қауымдастығы) қаржылық ашықтықтың болмауы және жемқорлыққа байланысты мәртебесінен айырған. Енді әуесқой бокс және олимпиадалық боксқа World Boxing жетекшілік етеді.

Ұйымның сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 2023 жылы қарашада құрылғанда оның құрамында 27 ел болса, қазір World Boxing-ке 110-нан астам елдің ұлттық құрамасы кіреді. Былтыр қыркүйекте Головкин оның олимпиада комиссиясына жетекшілік еткен.