Израильдің Бейрутқа жасаған әуе шабуылынан "Хезболла" командирі қаза тапты

Израильдің әуе шабуылынан бүлінген көпқабатты ғимарат. Бейрут, Ливан, 23 қараша, 2025 жыл.

Израиль әскері 23 қарашада Ливан астанасы Бейруттың оңтүстігіндегі Дахия ауданына әуе шабуылын жасап, "Хезболла" қарулы тобының жоғары лауазымды мүшесі Хайтами Әли Табтабайды өлтірді. Иран қолдайтын шииттік "Хезболла" ұйымы Израиль мен АҚШ-та террористік деп танылған, Еуроодақ "Хезболланың" әскери қанатын ғана террористік ұйымға жатқызған. Ливанда "Хезболла" заңды мәртебеге ие және саяси процеске айтарлықтай әсер етеді.

Ливанның денсаулық сақтау министрлігі халық тығыз қоныстанған Дахия ауданындағы тұрғын үйге әуеден жасалған шабуыл салдарынан кемінде бес адам қаза тауып, 28 адам жараланды деп хабарлады.

"Хезболла" Табтабайдың қаза тапқанын растап, Израиль бұл әрекетімен "қызыл сызықты бұзып өтті"деп мәлімдеді.

Бұл – бірнеше айға созылған бітімнен кейін Израильдің Ливан аумағына жасаған алғашқы шабуылы. 2023-2024 жылдары "Хезболла" мен Израиль арасындағы қарулы қақтығыстың ушығуынан кейін атысты тоқтату жөнінде келісім жасалған. АҚШ пен Францияның араағайындығымен былтыр қарашада бітім күшіне енген. Талдаушылар Ливанда "Хезболла" тобының позициясы әлсірегенін, сондай-ақ ұйымды ұзақ уақыт басқарған Хассан Насралла бастаған көптеген көшбасшыларының қаза табуы "Хезболла" әскери қуатының бір бөлігінен айырылған дейді. Алайда ұйым әлі де қаруын тастауға немесе өз күштерін Израиль шекарасынан әкетуге келіспей отыр.

Axios басылымы АҚШ-тың аты-жөні аталмаған өкілінің сөзіне сүйеніп, Израиль бұл шабуыл жайында Вашингтонды алдын ала хабардар етпегенін, шабуыл жасалғаннан кейін ғана АҚШ-пен байланысқа шыққан деп жазды. Алайда АҚШ-тың басқа бір өкілі Вашингтон Израильдің Ливанға шабуыл әзірлеп жатқанын білген деп айтқан.

АҚШ Хайтами Әли Табтабайды "Хезболла" басшыларының бірі ретінде санкция тізіміне енгізген еді.