ЕО АҚШ-тың бейбітшілік жоспарын жылы қабылдады, бірақ толықтыруды талап етті

Еуроодақ жетекшілері АҚШ-тың Украинадағы соғысты реттеу бойынша талпынысын қолдайды, бірақ Вашингтон ұсынған жоспарды толықтыру қажет деп санайды.

"28 пунктен тұратын жоспардың бастапқы жобасында әділ және ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізу үшін қажет маңызды элементтер бар. Сондықтан бұл жобаны толықтыруды қажет ететін негіз деп санаймыз. Болашақ бейбітшіліктің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін осы процеске қатысуға дайынбыз. Біз шекараны күшпен өзгертуге болмайды деген қағиданы берік ұстанамыз" деп жазылған Еурокомиссия жариялаған құжатта.

Мәлімдемеде ЕО мен НАТО-ға қатысты пунктер осы ұйымның келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін екені атап өтілген. Еуроодақ Украинаны қолдайтынын тағы айтты.

Bild мәліметінше, Еуропа жетекшілері Трамп ұсынған бейбітшілік жоспарындағы кемінде төрт пунктті өзгерткісі келеді. Олар Қырым мен Донбасты "Ресей жері" деп тану, украин әскерінің санын қысқарту, бұғатталған ресейлік активтерге қатысты жайт пен қауіпсіздікке кепілдік беру туралы шарттармен келіспейді.

Bild-тің жазуынша, АҚШ-тың әсіресе активтер бойынша идеясына Германия канцлері Фридриз Мерц назалы болған.

Американың бейбітшілік жоспары 23 қарашада Женевада талқыланады. Оған ЕО, АҚШ және Украина өкілдері қатыспақ. Кездесуге нақты кімдер қатысатыны әзірге хабарланбады.