Тәжікстан мен Ауғанстандағы тәліптер шиеленісті азайту үшін "салқынқанды әріптестікке" көшті

Тәжікстан мен "Талибан" өкілдері шекарадағы ахуалды талқылап жатыр.

Тәжікстан мен Ауғанстан билігіндегі тәліптер шиеленісті азайтып, ортақ шекарада қарулы қақтығыстың алдын алу үшін кейінгі айларда дипломатиялық амалдарға көбірек жүгіне бастады.

Тәжік және "Талибанның" лауазымды тұлғалары келіссөз кезінде энергетика және сауда саласында әріптестікті тереңдетуге талпынды. Алайда бұл бағытта бірқатар жетістіктерге қарамастан сарапшылардың айтуынша, бұрыннан қалыптастан сенімсіздік пен қайшылықтарды еңсеру екі жаққа да оңай болмай жатыр.

"Салқын әріптестіктің жалғасына куә болып отырмыз" деді Техас университетінің Орталық Азия бойынша сарапшысы Эдуард Лемон.

Лемонның айтуынша, Душанбе мен Кабул өзара тиімді салаларда, айталық экономикалық жобаларда прагматикалық қимылдар жасауы мүмкін, бірақ екі ел арасындағы барлық дау шешіліп кетеді деу қиын.

ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ НӘТИЖЕ

15 қарашада Тәжікстанның дипломаттары мен қауіпсіздік саласының шенеуніктері "Талибан" өкілдерімен келіссөз жүргізу үшін Кабулға барды.

"Талибанға" қарасты Bakhtar news ақпарат агенттігінің хабарлауынша, тараптар дипломатиялық және экономикалық әріптестікті, сонымен бірге аймақ қауіпсіздігі мәселесін талқылаған.

Мұндай келіссөз Ауғанстанның Тәжікстанмен шектесетін Балх провинциясының губернаторы Мұхаммед Жүсіп Уафаның Душанбеге сапарынан кейін бірнеше күннен соң өтті.

Қазан айының соңындағы сапар кезінде Уафа Тәжікстанның арнайы қызметінің басшысы генерал Саймумин Йатимовпен кездескен. Тәжікстанның ақпарат құралдарының хабарлауынша, олар қарулы топтардың 1357 шақырымдық шекарадан өтуіне жол бермеу жолдарын талқылаған.

Бұған дейін Тәжікстан мен "Талибанның" шекара күштері қақтығысып қалған. Соңғы рет олар 25 қазанда Ауғанстан мен Тәжікстанды бөліп тұрған Панж өзеніндегі алтын өндіру кеніші маңында бір-біріне оқ атқан еді. Оның алдында тамыз айындағы қақтығыс кезінде "Талибанның" бір сарбазы оққа ұшқан.

ҚАРУЛЫ ТОПТАРДЫ ТАЛҚЫЛАУ

2021 жылдың тамызында "Талибан" Ауғанстандағы билікке келгелі бері Душанбе мен Кабул бір-бірін "қарулы топтарды демеді" деп айыптап келеді.

Тәжікстан Ауғанстанның көршілері арасында "Талибанның" билікке оралуына ашық түрде қарсы шығып, оны аймақ қауіпсіздігіне қатер төндіретін қарулы топ деп атаған жалғыз ел.

Бұған қоса, Душанбе негізінен этникалық тәжіктерден құралған тәліптерге қарсы топ – ұлттық азат ету майданының жетекшілерімен байланыс орнатқан деген ақпарат та болған. Ал Тәжікстан мұны жоққа шығарады.

Душанбедегі ауған елшілігін Ауғанстанның бұрынғы үкіметі тағайындап кеткен адам басқарады және ол ұлттық азат ету майданының жақтаушысы деген де дерек айтылады. Алайда "Талибан" Ауғанстанның Тәжікстанның шығысындағы Хорош қаласындағы ауған елшілігіне жетекшілік етеді.

Ал Тәжікстан "Талибанды" Ауғанстанда шоғырланған "Аңсарулла жамағаты" атты діни қарулы топты қолдайды деп айыптайды. Негізінен тәжік азаматтарынан құралған топ Тәжікстанның зайырлы үкіметін құлатуды көздейді.

2021 жылы ҰҚШҰ-ға мүше Тәжікстан өз аумағында одақтың әскери жаттығуын өткізгеннен кейін "Талибан" "Аңсарулла жамағат" тобының жүздеген сарбазын Тәжікстанмен шекара аумағына орналастырған.

Кабулда тұратын ғалым Убайдулла Бахирдің айтуынша, "Талибан" Тәжікстаннан Душанбедегі ауған елшілігіне бақылауды өзіне тапсыруды талап еткен. Тәліптер сонымен бірге ұлттық азат ету майданының кеңсесін жабуды да сұраған.

СТАТУС КВО

Келіспеушіліктерге қарамастан Тәжікстан мен "Талибан" әріптестікті нығайту бағытында қадамдар жасап жатыр.

Ауғанстан қазіргі кезде электр энергиясының басым бөлігін Тәжікстан және көрші Өзбекстаннан импорттайды. Тараптар сонымен бірге жаңа экономикалық жобаларды талқылап, виза шектеулерін жеңілдету жолдарын да қарастырып жатыр.

Алайда олардың әріптестігінің "өз шегі" бар дейді сарапшылар.

"Бұл қатынастың Душанбедегі Ауғанстан елшілігіне бақылауды тәліптерге беру деңгейіне дейін жетеді деп айту қиын. Себебі бұл Тәжікстанның өз ішінде де нәзік мәселе" дейді тәжік сарапшысы Шерәлі Резайан Азаттыққа.

Эдуард Лемонның айтуынша, Тәжікстанның "Талибан" үкіметін мойындауы неғайбыл. Ауғанстандағы тәліптердің билігін ресми түрде Ресей ғана мойындаған.

"Тәжік жағының статус-квоны бұзуына себеп аз" деді ол.