Британдық The Telegraph газеті мен Reuters ақпарат агенттігі Украинадағы соғысты аяқтау мәселесі бойынша Ұлыбритания, Франция және Германия әзірлеген еуропалық бейбітшілік жоспарының нұсқасын жариялады. Құжат америкалық нұсқаға негізделгенімен, онда бірқатар айырмашылықтар бар. Солардың бірі – Украина қарулы күштерінің санын 600 мың адамға төмендетпеу жайлы талап. Еуропалықтар бейбіт кезеңде бұл шекті 800 мың адам деңгейінде белгілеуді ұсынады.
Бұған қоса еуропалық жоспар даулы аумақтар жөніндегі келіссөздер қазіргі қарсылас екі тарап тоқайласатын шептен басталуға тиіс дейді. АҚШ ұсынып отырған нұсқада осы сызықтың бойымен тек Херсон және Запорожье облыстарын бөлу ұсынылса, Қырым, Луганск және Донецкіні іс жүзінде Ресейге тиесілі деп тану қарастырылған.
Құжат Украинаға НАТО құрамына кіруге тыйым салмайды – бұл мәселе бойынша шешімді альянс ішінде консенсусқа қол жеткізілгеннен кейін қабылдау ұсынылған. Жоспарға сәйкес, Ресейдің Еуропадағы активтері Ресей Украинаға келтірген залалды өтегенге дейін бұғаттаулы болуға тиіс. Америкалық нұсқада активтердің бір бөлігін АҚШ пен Ресейдің бірлескен жобаларына пайдалануға рұқсат беру көзделген.
Украинада сайлауды бейбіт келісімге қол қойылғаннан кейін "мүмкіндігінше тезірек" өткізу ұсынылған, ал америкалық жоспарда бұл мерзім 100 күн деп көрсетілген еді.
Еуропалық бейбітшілік жоспарында барлық тарапқа амнистия беру туралы тармақ жоқ.