Accessibility links

АҚШ Украинамен Женевада өткізген келіссөзде прогресс барын мәлімдеді


АҚШ пен Украина делегациялары келіссөз өткізіп отыр. Женева, Швейцария, 23 қараша, 2025 жыл.
АҚШ пен Украина делегациялары келіссөз өткізіп отыр. Женева, Швейцария, 23 қараша, 2025 жыл.

Ақ үй жексенбі, 23 қараша күні Женевада Киев өкілдерімен өткен келіссөзде айтарлықтай прогресс болғанын мәлімдеді. Екі тарап кездесу қорытындысы бойынша жаңартылған және нақтыланған тұжырымдама әзірледі. Бұл тұжырымдама Украинаның егемендігін толық қолдайды және әділ бейбітшілікті қамтамасыз етуге көмектеседі дейді Вашингтон.

Мәлімдемеде АҚШ президенті Дональд Трамптың 28 тармақтан тұратын жоспарына енгізілген өзгерістердің егжей-тегжейі ашып көрсетілмеген. Бұған дейін Киевті жақтайтын тараптар ол жоспарды Ресейге шамадан тыс жұмсақтық танытқан деп сынға алған.

"Көп нәрсе өзгеріп жатыр – біз соғысты тоқтатуға қажет қадамдар бойынша өте мұқият жұмыс істеп жатырмыз", – деді Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі күні кешке Ақ үйдің мәлімдемесінен бұрын жарияланған видеоүндеуінде.

Украина президентінің кеңсесі жаңартылған және жетілдірілген "бейбітшілік жөніндегі" құжаттың дайындалғанын растады. Еуропалық серіктестермен байланыста жұмыс алдағы күндері жалғаспақ.

Ақ үй жеке мәлімдемесінде жоспардың жаңа нұсқасында Киевке күшейтілген қауіпсіздік кепілдіктері қарастырылатынын нақтылады. Украина делегациясы құжат өздерінің ұлттық мүдделеріне сай келетінін айтты.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио журналистерге берген сұхбатында НАТО-ның рөлі сияқты мәселелер әлі де қосымша пысықтауды қажет ететінін, алайда өз тобы әлі шешімін таппаған мәселелер аясын тарылта алғанын мәлімдеді. Reuters дерегінше, Рубио Дональд Трамп белгілеген мерзім – 27 қарашаға дейін келісімге қол жетеді деп үмітенетінін айтқан, бірақ процесс созылып кетуі мүмкін екенін де жоққа шығармаған.

Reuters дереккөздері Зеленский осы аптада АҚШ-қа баруы мүмкін дейді. Ол Трамппен кездесіп, бейбітшілік жоспарының ең маңызды тармақтарын, соның ішінде аумақ мәселесін талқылайды деген болжам бар.

XS
SM
MD
LG