Accessibility links

Электр энергиясын суға алмастыру: Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан келісімге қол қойды


Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның су-энергетикалық ынтымақтастық жөніндегі үшжақты кездесуі. Алматы, 22 қараша 2025 жыл.
Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның су-энергетикалық ынтымақтастық жөніндегі үшжақты кездесуі. Алматы, 22 қараша 2025 жыл.

22 қарашада Алматыда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның су шаруашылығы мен энергетика ведомстволары басшыларының кездесуі өтті. Ресми ақпаратқа қарағанда, үш ел кезекті рет бір-бірімен электр энергиясы және су алмасу жөнінде келіскен. Қырғызстан көктемде Қазақстанға Тоқтағұл қоймасынан су жібереді. Ал Қазақстан мен Өзбекстан сол үшін күзде және қыста Қырғызстанға электр энергиясын жібереді.

"Тараптар су-энергетикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту параметрлері бойынша келісімге келді. Тоқтағұл су қоймасындағы күрделі жағдайды ескере отырып, қатысушылар бір-біріне өзара электр энергиясын жеткізу арқылы қолдау көрсетуге және алдағы жылыту маусымын, сондай-ақ келер вегетациялық кезеңге дайындықты үйлестіруге уағдаласты" деп жазылған Қазақстан энергетика министрлігінің хабарламасында.

Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстан мен Өзбекстан күз-қыс мезгілінде Қырғызстанға электр энергиясын жеткізуге дайын екенін растаған. Бұл қырғыз жағына қыс кезінде электр энергиясын өндіру көлемін азайтып, Тоқтағұл су қоймасында су жинауға мүмкіндік береді. Жиналған су көлемі вегетация кезеңінде Қазақстан мен Өзбекстанға бағытталып, оңтүстік өңірлердің ауыл шаруашылығы алқаптарын тұрақты суарумен қамтамасыз етеді.

Жиын соңында тараптар 2025–2026 жылдары қысқы электр энергиясын жеткізу көлемін және 2026 жылғы вегетациялық кезеңге су жинауды құқықтық тұрғыдан бекітетін үшжақты хаттамаға қол қойған.

Үш ел бұған дейін де осы схема бойынша бір-бірімен электр энергиясы және сумен алмасқан.

Қырғызстанды негізінен электр энергиясымен қамтамасыз ететін бес гидроэлектр станциясы суды Тоқтағұл су қоймасынан алады. Биыл Тоқтағұл су қоймасындағы су деңгейі төмендеп, Қырғызстанда электр энергиясын қолдануға шектеу енгізілген еді. Бұған дейін Бішкек пен Ош қалаларында билік мейрамханалар мен ойын-сауық орталықтарын түнгі сағат 10-нан кейін жарықты сөндіруге міндеттеген.

Елде

XS
SM
MD
LG