Accessibility links

Қырғызстанда парламент сайлауы қарсаңында бірнеше саяси белсенді ұсталды. Арасында Атамбаевтың ұлы да бар


Қырғызстанда ұсталған саяси белсенділер. ІІМ таратқан сурет.
Қырғызстанда ұсталған саяси белсенділер. ІІМ таратқан сурет.

22 қарашада Бішкекте бірнеше саяси белсенді 48 сағатқа қамауға алынды. Бірнеше жерде тінту болып, тергеу жүргізілді. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, 48 сағатқа қамауға алынғандар арасында "Социал-демократтар" партиясынын жетекшісі Темірлан Сұлтанбеков, бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың кенже ұлы Қадырбек Атамбаев, парламенттің бұрынғы депутаты Сайлаубек Атазов бар.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі 30 қарашаға белгіленген Жоғарғы кеңеш сайлауынан кейін "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болған" топтың "жолын кескенін" хабарлады.

"Ұсталғандар сайлау нәтижесі жарияланғаннан кейін бүкіл елде митинг өткізуді жоспарлаған. Олардың жоспарында Конституциялық құрылымды құлатуға шақыру, сондай-ақ әкімшілік ғимараттарды, телеарналарды, құқық қорғау органдарының нысандарын, қару-жарақ пен түрмелерді басып алу де болған. Топ ішінде иерархия мен рөлдер нақты бөлінген... Олардың кейбірі болашақ лауазымдарын өзара бөлісіп қойған" деп хабарлады ішкі істер министрлігі.

Ішкі істер министрлігі "дәлел ретінде" үш адамның бір ғимаратта сөйлесіп отырғаны туралы видео да жариялаған. Видеода "Социал-демократтар партиясының" жетекшісі Темірлан Сұлтанбековке ұқсас адам көрінеді, оның аты-жөнінің алғашқы әріптері мен жасы ІІМ таратқан баспасөз хабарламасындағы деректермен сәйкес келеді деп жазды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

"Азаттық үналғысының" жазуынша, видеода егде ер адам Сұланбековке ұқсас адамнан "енді не болады деп ойлайсыз?", "Қайсысының ісі жақсы жүріп жатыр: Тәшиев пе, президент Жапаров па?", "Егер біз билікке келсек маған бірдеңе бересіздер ме?" деп сұрайды. Сұлтанбековке ұқсас адам "бәрі үш жылдан кейін өзгеруі керек, бірақ бұл одан да ертерек болады деп үміттенемін", "билік ауысады, биліктің өзі соған итермелеп жатыр" дейді.

Сұлтанбековтің жақтастары мен туыстары әзірге видеоға түсініктеме бермеді.

Кейбір қырғызстандық ақпарат құралдары онда "революция" немесе "тәртіпсіздік ұйымдастыру" туралы бірде-бір сөз болмағанын, ондағы адамдардың сөздері "дұрыс емес тәпсірленгенін" жазды.

Тергелгендер арасында бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың әйелі Раиса Атамбаева да бар. Бұл жөнінде оның қызы Әлия Шағиева хабарлады. Оның сөзінше, Раиса Қадырбаева мен Қадырбек Атамбаевтың үйінде азаннан бастап тінту басталған. Бұдан кейін өздерін тергеуге алып кеткен, Раиса Атамбаева ол жақта таңертеңгі 8-ден бастап болған.

Әлия Шағиева оқиғаны "саяси қудалау"және "адам құқығын өрескел бұзу" деп атаған. 22 қарашада кешке Раиса Атамбаеваны босатқан.

Kloop телеграм-арнасы мұны елде бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың жақтастары немесе оның "Социал-демократтар" партиясының мүшелерін қудалау ретінде бағалады. Телеграм-арна Атамбаев басқарып тұрған тұста сол кездегі саяси оппозиция да қысымға ұшырып, қудаланғанын еске салады. 2017 жылы қазіргі президент Садыр Жапаров та "билікті басып алуға талпыну" ісі бойынша түрмеде болған.

XS
SM
MD
LG